Сот тарихы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Шымкент қалалық соты Мемлекет Басшысының 2018 жылы 18 шілдедегі Жарлығымен құрылған. Қалалық соттың құрамына 4 аудандық сот және 6 мамандандырылған соттар  кірген болатын.

  2018 жылдың қараша айында қалалық соттың жанынан Билер Кеңесі құрылып, оған беделді ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері енгізілді. Кеңес жұмысын одан әрі жандандыра түсу үшін 2021 жылы ардагерлермен келісім жасалып, меморандумға қол қойылды. Мұндағы мақсат, қоғамдағы даукестілік деңгейін төмендетіп, билер институтының мәртебесін көтеру болды.

  2019 жылы қаңтар айында қалалық соттың ғимаратында «Қабылдау орталығы» ашылып, азаматтарды қабылдаудың жаңа форматтағы тәртібі енгізіліп, азаматтарды күн сайын қабылдау жүргізілді. Орталықта қабылдау жүргізетін тұлғалардың құрамы кеңейтіліп, қалалық соттың төрағасынан бөлек, азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі сот алқаларының төрағалары мен Сот әкімшілігінің басшысы, Шымкент қалалық сотының Әдеп жөніндегі комиссияның төрағасы жүргізіп келеді.

 2019 жылы БАҚ өкілдеріне брифинг пен баспасөз мәслихатын және кездесулер өткізуге арналған «Ақпарат орталығы» ашылды. Орталықта журналистерге қолайлы жағдайлар жасалып, тұрақты түрде түрлі шаралар өткізілуде.

  2019 жылдың Наурыз мейрамы қарсаңында Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында «Билер аллеясы» ашылып, ол жерге судьялар мен сот қызметкері қарағай көшетін еккен болатын.   Сол жылы тамыз айында қалалық сотының басшылары «Мәртөбе – қазақтың дала парламентінің негізі» тақырыбында конференция өткізіп, оған судьялар мен ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және Билер кеңесінің мүшелері қатысты. Игі шараның мақсаты – қилы замандарда талай тарихи құрылтайлар өткен, дана билеріміз дайындаған «Жеті жарғы» дала заңына Тәуке хан таңбасын қойған қасиетті  Мәртөбені халыққа танымал ету. Ал, 2020 жылы қазан айында Шымкенттің сот қызметкерлері Мәртөбе тарихи кешенінде болашақ заңгерлерге арналған «Келер ұрпаққа жолдау» жазып, оны капсулаға салып қалдырды.

 2021 жылы қалалық сотта «Еркін аумақ» бөлмесі ашылып, мұнда сот қызметкерлері бір сәт демалып, кітап оқуларына жағдай жасалды. Негізгі мақсат – кітап оқу  мәдениетін жаңғырту үшін арнайы кітап сөрелері қойылып, сот қызметкерлері қызықты кітаптарды бір-бірімен алмаса алатындай болды.

   Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 мамырдағы № 216  Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының Абай аудандық соты, Әл-Фараби аудандық соты, Еңбекші аудандық соты және Қаратау аудандық сотын біріктіру және бөлу жолымен Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты және Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты болып қайта ұйымдастырылды.

 ҚР Президентінің  2024 жылғы 19 сәуірдегі  №523 Жарлығымен  Шымкент қалалық сотының төрағасы болып  Шайхисламов  Әділхан Шайхисламұлы  тағайындалды. 

Сонымен қатар, Шымкент соттарының тыныс-тіршілігіне «Қазақстан Республикасы Судьялар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы белсенді түрде қатысады.