Сот тарихы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы
Шымкент қалалық соты Мемлекет Басшысының 2018 жылы 18 шілдедегі Жарлығымен құрылған. Қалалық соттың құрамына 4 аудандық сот және 6 мамандандырылған сот кіреді. Алғашқы кезде 4 аудандық сотты қоспағанда, жаңадан құрылған Шымкент қалалық соты мен мамандандырылған соттардың ғимараты болғанымен, олардың күнделікті жұмыс істеуіне қажетті құрал-жабдықтары мен дүние-мүліктері жеткіліксіздеу еді.
Алғашқы айларда бірқатар соттарда төраға мен судьялардан бастап, кеңсе меңгерушілері мен бөлім басшыларының және сот мәжілісінің хатшылары мен мамандардың орындары бос ваканция болатын. Осындай қиындықтарға қарамастан, Шымкент қалалық сотының қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі сот алқалары төрағасының уақытша міндетін атқарған Әділ Құлманұлы Керімшеев пен Мұқтар Абайұлы Парменовтың және Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің бірінші басшысы болып тағайындалған Нұрсұлтан Төленұлы Байтілесовтің тынымсыз еңбектері мен іскерлігінің арқасында бұл соттардың жұмысы бір күнге де тоқтаған жоқ.        Жергілікті соттардың жұмыс істеуіне қажетті құрал-жабдықтар мен дүние-мүліктер мүмкіндіктің ретіне қарай 2018 және 2019 жылдары біртіндеп қамтамасыз етілді. Бір сөзбен түйіндеп айтсақ, олар жоқтан бар жасап, екі-үш айдың ішінде қала соттарының жұмысын бір қалыпқа түсірді.
Содан көп кешікпей, Президенттің 2018 жылғы 9 қазандағы Жарлығымен Шымкент қалалық сотының төрағасы болып Ербол Мұқажанұлы Рахымбеков, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Ербол Әмірғалиұлы Жанғазин және азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Мұқтар Абайұлы Парменов тағайындалды. Ал, 2019 жылы  Президент Жарлығымен мамандандырылған соттардың төрағалары тағайындалып, өздерінің қызметтеріне кірісті.
2018 жылдың қараша айында төраға Е.Рахымбековтің бастамасымен қалалық соттың жанынан Билер Кеңесі құрылып, оған беделді ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері енгізілді. Кеңес жұмысын одан әрі жандандыра түсу үшін 2021 жылы ардагерлермен келісім жасалып, меморандумға қол қойылды. Мұндағы мақсат, қоғамдағы даукестілік деңгейін төмендетіп, билер институтының мәртебесін көтеру болды.
2019 жылы қаңтарда Соттар әкімшісінің басшысы Н.Байтілесовтің бастамасымен қалалық соттың ғимаратында «Қабылдау орталығы» ашылып, азаматтарды қабылдаудың жаңа форматтағы тәртібі енгізіліп, азаматтарды күн сайын қабылдау жүргізілді. Осылайша Орталықта қабылдау жүргізетін тұлғалардың құрамы кеңейтіліп, қалалық соттың төрағасынан бөлек, азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі сот алқаларының төрағалары мен Соттар әкімшісінің басшысы, Шымкент қалалық сотының Әдеп жөніндегі комиссияның төрағасы жүргізіп келеді.
2019 жылы БАҚ өкілдеріне брифинг пен баспасөз конференциясын және кездесулер өткізуге арналған «Ақпарат орталығы» ашылды. Орталықта журналистер үшін барынша қолайлы жағдай жасалып, өз атына сай қызметін атқарып, «Ақпарат орталығында» тұрақты түрде түрлі шаралар өткізілуде.
Сонымен қатар, сот төрағасы Е.Рахымбеков мен Соттар әкімшісінің басшысы Н.Байтілесовтің игі бастамасымен және қаладағы судьялардың қолдауымен 2019 жылдан бері Шымкенттің судьялары мен бөлім басшылары тоқсан сайын бір күндік жалақысын Шымкенттегі №4 балалар үйінің тәрбие-ленушілерінің «Отбасы банкіндегі» шоттарына үздіксіз аударып келеді. 
2019 жылғы Наурыз мейрамы қарсаңында Шымкентте Тәуелсіздік саябағында «Билер аллеясы» ашылып, ол жерге судьялар мен сот қызметкері қарағай көшетін еккен болатын.      Сол жылы тамызда Шымкент қалалық сотының басшылары «Мәртөбе – қазақтың дала парламентінің негізі» тақырыбында конференция өткізіп, оған судьялар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, Билер кеңесінің мүшелері қатысты. Ауқымды шараның мақсаты – қилы замандарда талай тарихи құрылтайлар өткен, дана билеріміз дайындаған «Жеті жарғы» дала заңына Тәуке хан таңбасын қойған қасиетті  Мәртөбені халыққа танымал ету. Ал, 2020 жылы күзде Шымкенттің сот қызметкерлері Мәртөбе тарихи кешенінде Болашақ заңгерлерге арналған «Келер ұрпаққа жолдау» жазып, оны капсулаға салып қалдырды.
Пандемия басталмай жатып, 2020 жылдың ақпанында Шымкент қалалық сотында «Абай оқулары» өткізіліп, сот қызметкерлері Абай өлеңдерін оқудан жарысып, кітап көрмесін ұйымдастырды. Шараға судьялар мен сот мамандары, Билер кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдардың және ғалымдар мен шығармашылық өкілдері қатысты. Абай туралы  деректі фильм көрсетіліп, музыкалық шығармалар орындалды.
2021 жылы қалалық соттың ғимаратында Соттар әкімшісінің басшысы Берік Мейірхановтың бастамасымен «Еркін аумақ» бөлмесі ашылып, мұнда сот қызметкерлері бір сәт демалып, кітап оқуларына жағдай жасалды. Негізгі мақсат – кітап оқу  мәдениетін жаңғырту үшін арнайы кітап сөрелері қойылып, сот қызметкерлері қызықты кітаптарды бір-бірімен алмаса алатындай етілді. Мамандар арнайы QR-код арқылы WhatsApp желісіндегі сот қызметкерлерінің арасындағы кітап оқырмандарының тобына қосыла алады.
Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 шілдесінде Шымкентте жаңадан құрылған мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік соты өз жұмысын бастап, оның салтанатты ашылу рәсіміне қалалық соттың төрағасы Ербол Рахымбеков пен қала әкімі Мұрат Әйтенов және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.