Зорлау қылмысы бойынша шығарылған ақтау үкімінің күші жойылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен Н.-ға қатысты Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2019 жылғы 21 қазандағы ақтау үкімінің күші жойылып, жаңа айыптау үкімі шығарылды.

Жаңа айыптау үкімімен Н.-ға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігімен 2 (екі) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал ҚК-нің 121-бабының 1-бөлігімен 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 58-бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Н.-ға түпкілікті 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Н.-ға қатысты қолданылған «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залынан дереу қамауға алынды.

Сонымен қатар, моральдық зиянды өтеу туралы жәбірленушінің қойып отырған азаматтық талап қою арызы сот алқасымен ішінара қанағаттандырылып, жәбірленушінің пайдасына сотталған Н.-дан 1 000 000 (бір миллион) теңге өндірілді.

Сот алқасы, жаза тағайындау кезінде ҚК-нің 52-бабының талаптарын сақтай отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталғанның жеке басына байланысты деректерді, оның жазасын ауырлататын мән-жайлардың болмағанын, асырауында жас балаларының болуын ескерді.

Осы орайда, ескеретін бір жағдай, ол сотталған Н.-мен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың орын алған уақытында, қолданыста болған қылмыстық заңның шеңберінде онымен жасалған іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатқызылған болатын.

Осыған байланысты, сот алқасы, қылмыстық заңның жаза тағайындаудағы жалпы негіздерін басшылыққа алып, Н.-ның қылмысына сай жаза мөлшерін тағайындады.

Ал ақтау үкімінің күші келесі негіздер бойынша жойылды.

Апелляциялық сот алқасы сот тергеуін қайта жаңғыртып, іс  материалдарын объективті түрде жан-жақты әрі толыққанды зерттеп, зерделеп жәбірленушінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі және сот отырыстарындағы біркелкі берген жауаптарын шынайы деп бағалап, Н.-ның тарапынан зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері орын алған деп тауып отыр.

Апелляциялық үкім оның толық мәтіні жария етілген күні, яғни 2020 жылғы 9 маусымда заңды күшіне енді.

Қайнар: 
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі