Пара алғаны және бөтеннің мүлкін жымқырғаны, ысырап еткені үшін сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында К.-ға қатысты қылмыстық іс прокурордың, қорғаушының, сотталушының және жәбірленушілер мен куәлардың қатысуында қаралып, аяқталды.
К. есімді азаматша Шымкент қаласының №34 Ю.Гагарин атындағы мектептің директоры қызметін атқарып жүріп, мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген адам бола тұра, өзінің қызмет бабын ұштастыра отырып, сеніп тапсырылған мүлікті бірнеше рет иемденгені және ысырап еткені, жәбірленушілерді алдап, сенімдерін теріс пайдаланып, ақшаларын бірнеше рет жымқырғаны және пара берушілердің пайдасына заңсыз әрекеттері үшін, олардан бірнеше рет пара алғаны үшін айыпталған.
Үкімнің мәні
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға қосымша жаза тағайындап, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал жәбірленушілердің бірі қатаң жаза тағайындауды сұраса, енді келесі бірі жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды.
К. 2021 жылғы 19 қаңтардағы сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігінің 2), 3) тармақтарымен, 190-бабы 3-бөлігінің 2), 4) тармақтарымен, 366-бабы 3-бөлігінің 1), 4) тармақтарымен кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстваларында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 8 (сегіз) жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды.
Сот жаза тағайындау барысында К.-ның жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарының ауырлығын, оның мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық қылмысын жүйелі түрде жасағанын, жеңілдететін мән-жайлардың жоқ екенін, ауырлататын мән-жайлардың бар екенін, жәбірленушілер мен мемлекетке қылмыспен келтірілген залалдың орны толмағанын ескерді. Сондықтан, сот К.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау жазаның мақсатына жетуіне, оның түзілуіне және жаңа қылмыстардың алдын алуға әсер етеді деген тұжырымға келді.
Сот үкімімен жәбірленушілердің талап арыздары қанағаттандырылып, сот шығындары мен алынбаған пара сомалары мемлекет пайдасына өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: 
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі